Жаңалықтар
Халық жазушысы 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған.1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жж. «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметінатқарған.
Суреткерлік талант адамға тумыстан дарыса, сол талантты шындау әркімнің өмірлік жолы мен ұстанар мүддесіне байланысты болатынын көрдік. Белгілі классик Э.Хемингуэй адамның балалық шағының бақытсыз болуы және ол көп көрген қиыншылық қаламгер болып қалыптасуға игі ықпал етіп, қосымша тақырып, тың идея береді дегенді айтады. Э.Хемингуэйдің бұл пікіріне қосылатындар да, қарсы шығатындар да бар. ХХ ғасырдағы классикалық қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындыларынан бұл пікірге дәйек болар дүниелер кездестіруге болады. Балалар әдебиетінің жарық жұздызы Б.Соқпақбаев, Халық жазушылары С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза сияқты таланттылардың ғұмыры мен шығармаларының арасында нәзікте әсем, әсерлі рухани көпірі бары белгілі. Қазақ жұртының кешегі зұлымат соғыс кезіндегі қиын-қыстауды, жоқшылық, жұтшылық ауыр өмірді қалай бастан кешіргенін сәби жүрегімен сезініп, саналарының түкпіріне сақтаған балалар өсе келе сол тағдырды арқау еткен теңдессіз дүниелерді өмірге алып келді. «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жусан исі», «Жабайы алма», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Ай мен Айша», «Интернат наны» т.б. туындылар қаламгерлердің жеке өмірінен алынғанымен тұтас бір ұлттың тағдыр-шындығын көркемдік пен көмкерген құнды дүниелер. Сөз өнеріне ерекше еңбек сіңірген суреткерлердің қайсысынның тағдырына үңілсеңіз, байқайтынымыз – олар ел өміріндегі, ел тірішілігіндегі қалың оқиға ортасынан табылып, қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени іс-шараларға үлес қоса жүріп, ел рухын өркениетке жетелейді. Мұның себебі суреткерлер белгілі бір қоғамда өмір сүреді, белгілі бір қоғамдық коллективтің мүддесіне ортақтасады, сондықтан оның творчествосында да белгілі бір қоғамдық мән, мазмұн бар. Жазушы да – адам, табиғаттың төл жаратындысы. Адам ретінде суреткенрдің өң бойы мен өмірінен кемшіліктер және жетістіктер орын алады.
1989-1992 жж. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жж. Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. Парламент Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады.
Теңдессіз көркем шығармасымен танылған, көптің арман, қиялын сомдаған жанның қарапайым оқырман үшін үлкен идеялға айналары сөзсіз. Халықтың ортақ тұлғасы болған суреткердің адамдық болмысы – адалдық, парасаттылық, білімділік, кісілік келбетінен анық аңғарылады. Нағыз адамгершілік қасиеттің суреткер бойына орнығуына өнер ортасы, әлеуметтік, қоғамдық, тарихи, саяси жағдайлар да жетекші қызмет атқарады. Суреткер халық адамы болғандықтан ол өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеп, өресін кеңітіп, санасын биіктете түсу жолында ізгілікті ізденісте болады. Арнаулы жазушы я ақынды дайындайтын оқу орны жоқ. Тіл-әдебиет, журналистика факультеттері теориялық білім бергенімен дарын, қабілетті ұштап шығармайды. Ары қарай барлық мәселе болашақ өнер иесінің өзіне байланысты. Ұзақ-сонар қаламгерлік ізденіс, суреткердің тек шеберлігін ғана шындап қоймайды, осы жолда оның азаматтық келбеті яғни, қоғамдық көзқарасы, қайраткерлік белсенділігі, отаншылдық, ұлтшылдық рухын, қадір-қасиетін қалыптастырады. Осы тұрғыдан келер болсақ, біздің әдебиет тарихында орны бар, айтулы суреткерлердің барлығы шығармашылық мүддесін туған ұлтының рухани тұғырын тағылымды ету жолына бағыштағанын көреміз.
Шерхан Мұртаза шығармашылығының бастауы журналистикадан келді. Ресейдің мемлекеттік Мәскеу университетін «Саяси және көркем әдебиет редакторы» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан бастады. Сол жылдары баспада Ғафу Қайырбеков, Қасым Қайсенов, Берқайыр Аманшин, Әбдікәрім Ахметов, Сәуірбек Бақбергенов, Амантай Байтанаев, Сейфолла Оспановтардың жұмыс істегені белгілі. Осы тұста ақын Ғафу Қайырбеков былай деп жазады: «Шерхан Мұртазаның барлық өмірбаян анықтамаларында бір жағдай айтылмай қалып келеді. Ол – оның алғаш Мәскеу университетін тәмамдаған соң осы күнгі «Жазушы» баспасында аз да уақыт болса қызмет істегені. Мен Шерханмен осы баспада кездестім». Ш. Мұртазаның: «1955 жылы мен оқу бітіріп Қазақтың көркем әдебиет баспасында қызметке келдім. Шет жерде оқығаннан соң мұндағы әдебиет дүниесінен алыстап қалғанмын, әрі десе жазушы да емеспін» — деп жазуының өзі алғашында баспа жұмысында аз ғана уақыт жұмыс атқарса да оңайға түспегендігін көрсетеді.
Шерхан 1956 жылы күз айынан бастап «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа кіріседі. Жастар редакциясында алғашқы кезде Мәскеуден келген ТАСС хабарларын орысшадан қазақшаға аударып, аудармашы болып жүреді. «Лениншіл жас» газеті беттерінде «Ихсан ханым», «Білеміз» (корей ертегілерінен), «Москва Октябрь күндерінде», «Ғажап күзетші» т.б. аудармалары жарияланды. Шерханның алғаш журналистік қабілетқарымының ашылуына бірден-бір себепкер болған адам талғамды журналист Тельман Жанұзақов еді. Жастар басылымында жүргенде: «Үнемі аудармамен айналыссаң құрисың, кішкентай да болса, өз жазғаныңның жарық көргені жақсы» деген. Журналист Тельман Жанұзақовтың қамқорлық ақылынан кейін, одан-бұдан хабар-ошар, суреттеме, корреспонденция, мақала, очерк жазуға бейімделе бастады.
Жазушы өміріндегі ең елеулі кезең 1956-1969 жылдар аралығын қамтыса, 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы қызметін атқара жүріп, еңбек адамдарының өмірінен көптеген әлеуметтік, портрет очерктерін, өндіріс тақырыбындағы проблемалық мақалаларын жазды. Оның болашақ шығармаларының да материалын жинай жүруіне себеп болды. Нәтижесінде, «Құрылысшы Дәку» (1958) атты алғашқы очерктер жинағы, ең алғашқы «Табылған теңіз» (1964) атты повесінен кейін, іле-шала «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1966), «Мылтықсыз майдан» (1969) шығармалары тап осы тұста жарық көрді. Бұл «журналистика – күллі шығармашылық қайраткерлікті танытатын сала, ол үшін екі элементті: өнімді, нәтижелі еңбек немесе өнімсіз, қажырсыз еңбекті айқын аңғара білу қажет, бұл екеуінің аражігі әр журналистің шығармашылығынан көрініп тұратындығын» байқатады.
Еліміздегі қоғам алдында тұрған мәселелер туралы қаламгер Ш. Мұртаза дер кезінде үн қатып, ой айтып, тұжырым жасады. «Миллиард толқынында», «Ақық дария алқабында», «Тебіренген теңіз» тағы басқа очерктері мен «Дән тасқыны», «Поездар заулайды» тәрізді мақалаларында тың өлкесінің абыройлы еңбеккерлерін көрсетті. Өндіріс тақырыбындағы публицистикалық шығармаларымен ерекше көзге түсе білді. Шерханның алғашқы кезеңдердегі публицист ретіндегі негізгі мақсаты – белгілі бір тақырыпты таңдап алу, соған байланысты өмір құбылыстарын мейлінше терең зерттеп, өз көзқарасымен айқын да салмақты қорытынды жасау болды. Бұл Шерханның ең басты қасиеті – дүние құбылысынан жазуға керектісін, яғни тақырыбын сараптап алу, оның табиғатын, сипатын білімділікпен зерттеу екендігін аңғартады. Қаламгердің бұл екеуінен соң, табиғат берген қабілет-қарымымен шебер жазылған көптеген материалдары кейіннен көркем шығармаға айналды.
Ш. Мұртаза және оның буыны әдебиетке атақты жылымық кезеңінде – сол кездегі алып держава Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында жеке басқа табынуды әшкерелеген үлкен науқан өтіп, қоғам тынысы ептеп кеңген уақытта – келгенін еске алсақ, сол кездегі қоғамдық-рухани ситуация еркін ой, ерен ізденістерге мүмкіндік туғызғандай еді. «Ал алпысыншы жылдардан басталатын әдебиет кеңес тарихында шын жаңа дәуірді бастайды. И.В. Сталиннің қайтыс болуы, партияның ХХ сьезінің шешімдері, Н.С. Хрущевтің «жылымығы» белгілі дәрежеде бұрын тұсалып, таза идеологияның құралы болып келген әдебиетке бостандық берді, тақырыптық тежеуден босатты. Осы дәуірде әдебиетке келген жас ұрпақ бұрынғылар көрген тежеуді көрмей, өмір шындығын өзінше танып, ойындағысын еркін айтуға ұмтылды. Аға жазушылар да шындыққа жаңа көзбен қарауға, бұрын орын алып келген режимді сыншыл көзбен көруге ұмтылды. Негізінен, партия саясатынан, социалистік ел өмірінен тыс кетпесе де әдебиет жаңа сөз айтуға мүмкіндік алды. 60-жылдар ұрпағының тез өсіп-жетілуіне, көркемдік саласында ізденулеріне заманның өзі жағдай жасады. Сондықтан да 60- жылдардан басталатын әдебиет тұтас бір кезең болып тарихқа енді».
Әдебиеттің қоғам өміріндегі, адам тәрбиесіндегі роліне шәк келтірмеген, сондықтан да жаңа идеяларды жандандыруға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, бүгінгі күн биігінен қарасақ, идеологиялық догматғақлиялардан азат жаңа әдебиет жасауға бар жан-тәнімен кіріскен және өз идеялары үшін күрескен буынның көш басында, сөз жоқ, Шерхан Мұртаза тұрды. Ойы да, сөзі де алмастай өткір, көл-көсір білімді, от ауызды, орақ тілді шешендігімен ерекшеленген жас прозаик әдеби көркем проза жанрына жекелік сипат дарытуға ұмтылды. Кез-келген суреткердің қоғамдық және эстетикалық көзқарастарын өз уақытынан, заманынан бөле-жара қарауға болмайды. Шерхан Мұртаза мен оның буыны рухани аренамызға шыққан кез ХХ ғасырдың 60-жылдары. Демек, олардың әдебиет пен өнерге көзқарасы ХХ ғасыр гуманизмнің аясында қалыптасып-толысты, олар өнердің жасампаздық рөлін жоғары қойды. Бұл ретте бүгінде қазақ мәдениеттану ғылымына «60-жылғылар» ұғымы ретінде еніп үлгерген ол буынның болмысы тұтастығымен ерекшеленеді. Ал, Шерхан Мұртаза сол буын ішінде жаңа идеялықтақырыптық ерекшеліктерімен «өзінің жанры мен тақырыбын да, жанды проблемасын тапқан жазушы» айқын аңғартты.
Суреткер Ш. Мұртаза қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, коғамдық мазмұны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірінің қатарынан көрінеді. Ол қоғамдық ойөрісі, дүниетанымы, тарихи мақсат-нысанасы, эстетикалық-көркемдік жүйесі – барлық сипат-қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастырды, қазақ әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. Ол өзінің туған халқына асқақ сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды.
Суреткердің заман соққысына мойымайтын, қайта өмір ауыртпалығы ширата түсетін тасқындаған қайрат-жігері бар адамды көксеуі де осы келешекке сенім артуымен сабақтас қой. Осыны былай қойғанда, Шерхан шығармаларының салмағы тек қана мұнысында емес. Өйткені жазушының нені жек көретіні, нені жоққа шығаратыны қандай айқын болса, нені құптайтыны, қандай өнеге өріс алсын дейтіні де соншалықты ашық, айқын-ақ. Осының шығарушысы, айтушысы өмірдің қызығын тебірене сезінбейді деудің өзі тіпті қиянат. Суреткер жаны кейісе де, күйінсе де, көңілді үміт қозғап, алыс арман толқытып, содан барып шығарма тудыратыны жасырын жайт емес. Ш. Мұртазаның осындай туындыларының бағытын, идеялық өзгешелік сырын тереңірек түсіну үшін оларды өмірге деген орасан зор сүйіспеншілік сезімі, жалынды махаббаты тікелей, айқын көрінетін шығармаларымен қатар алып карастырған жөн.