22 қаңтар күні қаламыздағы А.С.Пушкин атындағы облыстық орталық әмбебаб кітапханасында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тарихты білу – ұрпақ парызы» атты тарихи-танымдық кездесу болып өтті. Іс-шараға белгілі ғалымдар қатысты. Ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы қазақ жұртының арғы-бергі тарихы мен ұлттық жадының сақталу мәселесіне тоқталды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Сәрсебай Карибаев қазақ тарихын зерттеудегі ғылыми бағыттар және кейбір тың мәліметтер туралы баяндады. Сондай-ақ аталған жоғары оқу орнының «Жалпы тарих, археология және география» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Г.Отарбаева, ОҚМПИ доценті, т.ғ.к. Б.Айтаев және т.б. ұстаздар өз пікірлерін білдірді. Көпшілік оқырман қауым, әсіресе студенттер мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға кең түрде жауаптар берілді. Ән-күймен өрілген іс-шара тартымды өтті.