Қаңтар айының 14-і күні университеттің бас ғимаратында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Педагогика және мәдениет факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттар, студенттер қатысқан жиынға Алматы қаласынан ҚР БжҒМ Ғылым комитеті Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. Әуезхан Шашаев және жетекші ғылыми қызметкері Рашид Оразовтар арнайы шақырылды. Іс шараны «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент С.Карибаев жүргізіп отырды.
Университеттің Тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры, т.ғ.к., доцент Р.А.Камалдиновтің кіріспе сөзінен кейін ғылым ордасынан келген ғалымдар Қазақ хандығының құрылу тарихындағы маңызды оқиғалар мен мемлекеттіліктің қалыптасуы туралы әңгімелей отырып, ағымдағы жылда аталып өтетін Жеңістің 70 жылдығына байланысты Ұлы Отан соғысына қатысқан сарбаздар ерлігі мен ардагерлер туралы деректі құжаттар жинау, сонымен бірге тың мәліметтер алу үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты мен Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағат қорларынан табылған көптеген материалдармен жұмыс жасауға кіріскендіктерін баяндады.
Дөңгелек үстел отырысында қонақтардың сөздерімен қатар «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушылары т.ғ.к., доцент Ө.Алиев, т.ғ.к., доцент Г.Тлеуқұлов, т.ғ.к., доцент Ж. Мулдахметова, аға оқытушы А.Қабыл, «Жалпы тарих, археология және география» кафедрасының доценті, т.ғ.к. Н.Тажмухановалар қазақ тарихының жарқын беттері мен әлі де тың зерттеулерді қажет ететін тұстары жөнінде өз ойларын білдірді.
Оқу орнымыздағы «Мәңгілік Ел» жастар қозғалысы қоғамдық бірлестігінің мүше студенттері де танымдық-тәрбиелік, ғылыми мәні үлкен кездесуге келген ғалымдарға өз алғыстарын білдіріп «Оңтүстіктің талантты жастары» атты кітапты тарту етті.